14 сәу, 2020 сағат 08:15

Қазақстанда депозиттерді долларландыру деңгейі 41 пайызға төмендеді

Депозиттерді долларландыру деңгейі 41,9 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылғы ақпанның соңында депозиттер көлемі валюта бөлігінің есебінен 2,3 пайызға жыл басынан бастап төмендеп, 18 трлн теңге болды. Шетел валютасындағы депозиттер 5,2 пайызға немесе 424 млрд теңгеге төмендеді. Ұлттық валютадағы салымдар 0,2 пайызға шамалы ғана қысқарды. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 43,1 пайызбен салыстырғанда биылғы ақпанда 41,9 пайызға дейін төмендеді»,- деді Ерболат Досаев. 

Оның дерегінше, жыл басынан бастап экономикаға кредиттер негізінен қысқа мерзімді кредиттердің 4,5 пайызға немесе 92 млрд теңгеге қысқаруына байланысты ақпанның соңында 13,8 трлн теңгеге дейін азайды. Ұзақ мерзімді кредиттер 11,9 трлн теңгеге дейін 0,3 пайызға ұлғайды.