
2019 жылы Қазақстанда 1 492 114 автокөлік тіркеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 1 492 114 автокөлікті тіркеді. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,2 пайызға артық. Оның ішінде 1 385 356-сы екінші рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Өсім 2018 жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға жетті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 106 758-ді құрады. Ол өткен жылғыға қарағанда, 27 пайызға жоғары», - деп атап көрсетілген хабарламада.
Қазақстанда электромобильге деген сұраныс 1,7 есеге төмендеген. 2019 жылғы 12 айда еліміз аумағында 33 электромобиль тіркелген екен. Ал бір жыл бұрын 56 электромобиль сатылған болатын.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамының (69,1 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктерді қамтыған.
Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі 575 974 көлік (41,6 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 27,5 пайызды (381 085 көлік) құрады. Ал 4-тен 7 жылға дейін – 285 883 (20,6 пайыз), 8-ден 10 жылға дейін – 82 922 (6 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көліктер саны 48 856-ға (3,5 пайыз) жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,8 пайыз (10 636 көлік) болды.
