18 ақп, 2023 сағат 17:26

«Қазақстанда мектептерде агрессияның күшеюіне түрткі болатын НҚА қабылдау жоспарлануда» - фейк

Фото: stopfake.kz

Әлеуметтік желілерде "Ашық НҚА" порталында мектептерде агрессияның бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін артуына түрткі болатын заң жобасы бар екендігі туралы ақпарат таратылуда. Оқу-ағарту министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап. 

Хабарламада "Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицид превенциясынан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы" деп аталатын нормативтік-құқықтық акті туралы айтылған.

Қазнеттегі жарияланым авторы мұндай жоспар АҚШ-та қабылданғанын және бұл мектептерде агрессияның күшеюіне әкелді деп мәлімдейді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мұның бәрі шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде "Ашық НҚА" порталында Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицид превенциясынан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасының орналастырылғандығы туралы таралған видеода жалған ақпарат ұсынылған. Кешенді жоспардың жобасы балалардың қауіпсіздігін, әл-ауқатын қамтамасыз етуге және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл жоба халық арасында кеңінен талқылау мақсатында "Ашық НҚА" порталында орналастырылды. Естеріңізге сала кетейік, ата-аналардың басқа да барлық адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар. Бұл құқық "Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР кодексінің 70-бабында айқындалған", - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ АҚШ-та мектептердегі агрессия деңгейінің артуы қандай да бір заң жобаларын қабылдаумен байланысты екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Қорыта айтқанда, таралған ақпаратқа сенуге болмайды.