Фото: Gov.kz
Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттелмек, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді.
Вице-премьер Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Президент айқындап берген «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары бойынша жүйелі жұмыс жалғасады.
Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік және отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейтіледі. Осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін нақтылайтын нормативтік өзгерістер әзірлейді. Сонымен қатар көрнекі нұсқаулықтар дайындалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік рәміздерге айрықша құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру тетіктері де қарастырылмақ.
Үкімет отырысында тарихи-мәдени мұраларды халықаралық деңгейде насихаттау мәселесі де көтерілді. Президенттің тапсырмасымен Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинацияны, сондай-ақ Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен бірге «Абайдың қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізуге арналған құжаттар сараптамалық бағалауға жолданған.
