Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда орташа жалақы мөлшері өсіп, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 423 мың теңгені құрады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметтің баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жалақының өсуі ең төменгі жалақы мөлшерінің көтерілуімен тікелей байланысты. Осы өзгерістің нәтижесінде 600 мыңнан астам азаматтық қызметшінің еңбекақысы артқан.
Сонымен қатар, 250 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл мақсатта цифрлық платформа енгізіліп, нақты көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау көзделуде.
«Жалақыны арттыру – халықты көп толғандыратын мәселе. Мемлекет осы бағытта нақты қадамдар жасап жатыр», – деді вице-премьер.
Бұдан бөлек, Ермек Көшербаев мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отырғанын атап өтті. Мәселен:
-
Баласы бар 1,2 млн отбасының жәрдемақысы 6,5%-ке артты,
-
Атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға көрсетілді,
-
Зейнетақы төлемдері 8,5%-ке ұлғайып, орташа зейнетақы 180 мың теңге болды,
-
Әлеуметтік қолдауға республикалық бюджеттен 870 млрд теңге, ал зейнетақы жүйесіне 4 трлн теңге бөлінді.
Әлеуметтік саясат – бұл тек шығын емес, халықтың өмір сапасына, тұрақтылығына бағытталған инвестиция, деді Үкімет мүшесі.
Конференция барысында вице-премьер мен министрлік өкілдері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
