Қазақстанда 18 тамыз күні 7337 адамның анализінен коронавирус анықталды (КВИ+), содан бір күн бұрын 421 адамға "ковидтектес пневмония" (КВИ-) диагнозы қойылды. Коронавирустан бір күнде 139 адам көз жұмды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
КВИ+ науқастары арасында Алматыда әдеттегідей 1,5 мыңнан астам науқас тіркелді. Қалада шілденің соңынан бері күн сайын осы шамада жаңа науқас анықталып келеді.
5 тамыздан бері тәулік сайын мыңнан астам науқас шығатын Қарағанды облысында 977 науқас тіркелген. Нұр-Сұлтанда ПТР талдауы 824 адамның Covid жұқтырғанын көрсеткен.
Бұл санат бойынша, індет басталғалы 715 716 науқас, 7335 өлім тіркелген. Билік қайтыс болғандар тізіміне коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген екі мыңнан астам адамды қоспай отыр.
"Ковидтектес пневмония" бойынша, көш басында – Шымкент қаласы. Онда бұл диагноз 71 адамға қойылған. Одан кейінгі орындарда 67 науқаспен Жамбыл облысы және 54 науқаспен Алматы облысы тұр. Қазақстан билігі "ковидтектес пневмония" есебін былтыр 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Содан бері бұл аурумен 66 802 адам тіркелген, оның 4129-ы қайтыс болған.
Екі есепті қосқанда, елде шілденің соңынан бері күн сайын 7-8 мың науқас тіркеліп отыр. Мамандар мұны әлемге жылдам тараған "дельта" вариантымен байланыстырады. Алғаш рет Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда маусымның соңында тіркелген. "Дельта" коронавирустың бастапқы варианттарына қарағанда жұқпалырақ және адамды ауыр халге жылдам түсіреді.
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары қолда бар Covid вакциналарының бұл варианттан қорғайтынын айтады. Екпе салу науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда 4 миллион 867 мың адам вакцинаны толық алған. Бұдан бөлек 1,3 миллионам астам адам вакцинаның екінші компонентін күтіп отыр.
Сондай-ақ, Қазақстанда 19 тамыздағы мәлімет бойынша, 121 113 адам коронавирус инфекциясынан (–115 764 + және 5 349 КВИ-) емделіп жатыр.
Олардың ішінде 30 286 пациент стационарда, 90 827 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 1 896 адамның жағдайы ауыр,
• 540 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 265 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.
