08 жел, 2023 сағат 11:21

Қазақстанда уақыт белдеуі өзгеруі мүмкін күн аталды

Фото: depositphotos.com

Қазақстан бір уақыт белдеуіне ауысуы мүмкін. Үкіметтің тиісті қаулысы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Құжат "Қазақстан Республикасы аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы" 2000 жылғы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

"Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу Қазақстан Республикасының уақыт пен жиілік мемлекеттік алғашқы эталоны ұдайы жүргізетін, сақтайтын әрі беретін сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жүргізіледі деп белгіленсін", - делінген құжатта.

Құжат 22 желтоқсанға дейін дауысқа салынады. Егер қазақстандықтар оны қолдаса, Астана, Алматы, Шымкент және республиканың тағы 12 облысында сағат тілі өзгереді.

"Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 01 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырсын", - делінген құжат мәтінінде.

Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.