21 қаң, 2026 сағат 12:17

Қазақстанда жеке медицина мен білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктері қайта қаралады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда жеке медициналық және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдері түбегейлі қайта қаралады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмалары аясында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қаржыландырудың әділ әрі тиімді жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда білім беру саласында жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алу, негізгі процестерді автоматтандыру және бюджеттеу жүйесімен синхрондау бағытында пилоттық жоба іске қосылған. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылған.

Бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізіледі. Енді мемлекеттік қаржыландыру өңірде нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің жетіспеушілігі, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салу басымдық ретінде айқындалған.

Сонымен қатар білім саласына жеке инвестиция тарту мақсатында мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығынды өтеу тетігі сақталады. Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылауды күшейтіп, білім сапасы, педагог кадрлармен қамтылу және балалардың қауіпсіздігіне баса мән бермек.

Ал денсаулық сақтау саласында медициналық көмекті жоспарлау халықтың нақты қажеттіліктері, демографиялық және көші-қон деректері негізінде жүргізіледі. Қаржыландыру ең тиімді мемлекеттік және сенімді жеке медициналық ұйымдарға бағытталмақ. Қосарланған төлемдер мен жалған есептің алдын алу үшін бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі. Пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асады.

Бұдан бөлек, сапаны бақылау күшейтіліп, лицензиялау талаптары қатаңдатылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігінің құзыретіне берілді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «Заң және тәртіп» қағидатына сай тексерулер жүргізіліп жатыр.

Үкімет жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін қайта қарауға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен. Аталған өзгерістер қаржыландыру жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.