18 там, 2025 сағат 10:23

Қазақстандағы ШОБ саны 2,1 млн-нан асты

Фото: Time.kz

2021 жылдан бері Қазақстанда кәсіпкерлік саласында жаңа реттеу саясаты кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Оның басты мақсаты – артық талаптарды қысқартып, бизнеске түсетін жүктемені азайту, деп хабарлайды Ult.kz.

2024 жылдың сәуірінде қабылданған заң аясында 10 мыңнан астам артық талап күшін жойды. Нәтижесінде бизнеске қадағалау жүктемесі 2019 жылмен салыстырғанда 58%-ға төмендеді. Жыл соңында енгізілген «прокурорлық сүзгі» механизмі енді кез келген тыйым немесе шектеу шарасын тек прокурордың келісімімен ғана жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлерге лицензия алу рәсімі де жеңілдетілмек. 2025 жылдың соңына дейін лицензия мен рұқсат алудың талаптары қайта қаралып, рәсімдері жеделдетіледі. Бұған қоса, есеп беру міндеттері қысқартылып, 58 саладағы ақпараттық құралдардың жартысына жуығы оңтайландырылды және автоматтандырылды.

Мұндай шаралардың арқасында 2024 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 96 мыңға артып, 2,1 миллионнан асты. Экономикадағы ШОБ үлесі 38,6%-ға жетті, ал олардың өнім шығару көлемі 11%-ға өсіп, 18,7 трлн теңгені құрады.

Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет бизнесті қадағалаудан қолдау мен серіктестікке көбірек мән беріп отыр. 2025 жылдың 1 сәуірінде eGov Business мобильді қосымшасы жаңартылып, кәсіпкерлерге ыңғайлы жаңа сервистер ұсынылды. Енді қосымша арқылы компанияны тіркеу, салық күнтізбесін қадағалау, электронды сертификаттар алу және құжаттарға цифрлық қол қою мүмкін болды.