17 там, 2023 сағат 10:38

Қазақстандықтар көлік нөмірлерін онлайн бере алады

Фото: Depositphotos

2024 жылдың шілдесінен бастап қазақстандықтар мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жаңа иесіне онлайн режимінде бере алады. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгінгі таңдағы ең үлкен жетістіктің бірі - 2024 жылдың шілдесінен бастап қазақстандықтардың көлік нөмірін, дәлірек айтсақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін жаңа иесіне онлайн режимінде бере алуы. Бұрын көлік сатып алғанда, тіпті, онлайн транзакция жасағанда, жаңа иесі жаңа нөмір алу үшін арнайы ХҚО-ға келуі керек еді. Енді бұл қажеттілік жойылды. Сонымен қатар сұранысы жоғары көлік нөмірлерін жақын туыстарына беру мүмкіндігін жасауды қолға алдық.

Тағы бір маңызды жаңалық бар. Меншік иесі тұрғылықты жерін ауыстырған кезде сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің қайта тіркелуін алып тастағымыз келеді.

Сонымен қатар біз ел азаматтарының автокөлікті бастапқы тіркеу кезінде тапсыруға тиісті құжаттарының санын азайттық, кейбір жағдайларда біз арнайы ХҚО-ға бару қажеттілігін жойдық" - деп жазды министр Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, мұның бәрі процестерді одан әрі ыңғайлы және қолайлы етпек.