Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
Бүгін үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның қай өңірлерін су басу қауіпі бар екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің сөзінше 11 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 71 проценті қар жамылған, бұл өткен аптамен салыстырғанда 15 %-ке аз.
Еліміздің оңтүстігіндегі: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысындағы: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.
"Наурыз айында температураның көтерілуі мен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасуда, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтіледі. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді", -дейді Нысанбаев.
Министрдың айтуынша Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде, сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Қауіптілігі жоғары аймақтар: Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.
Қауіптілігі орташа аймақтар: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Қауіптілігі төмен аймақтар: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
"Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ, өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды (әр жұмада) шығара бастады. Гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» дауылды ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайтын болады", -деді Еран Нысанбаев.
