15 ақп, 2018 сағат 10:28

Қазақстанның сыртқы қарызы 10 жылда 74,6 млрд. АҚШ долларына көбейді

Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, соңғы 10 жылда 74,6 млрд. АҚШ долларына ұлғайып, 168,9 млрд долларды құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Сыртқы борыштың өсуі, негізінен, ел аумағындағы шетелдік компаниялар филиалдарының мұнай-газ жобалары аясындағы 76,7 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі фирмааралық берешектің ұлғаюы есебінен болды. Сонымен қатар еурооблигациялар шығару және кредиттер мен қарыздарды тартуға байланысты экономиканың қаржылық емес секторының 26,2 млрд АҚШ долларына және Үкіметтің сыртқы борышының 10,8 млрд АҚШ долларына ұлғаюы байқалды», - делінген хабарламада.

Ұлттық Банктің сыртқы міндеттемелері елдің сыртқы борышы көлемінің орташа алғанда 0,6%-ын құрай отырып, іс жүзінде өзгерген жоқ.

Қаржы секторының сыртқы берешегі, негізінен, банк секторының («Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ты қоса алғанда) кредиттер және қарыздар бойынша берешегінің 37,4 млрд АҚШ долларына азаюы есебінен 39,1 млрд АҚШ долларына қысқарды. Бұл қысқару ең төменгі резервтік талаптар тетігінің, пруденциялық нормативтердің қолданылуының, жеткілікті капиталдандыру қағидаларының арқасында да болды.

Сыртқы борыштың ІЖӨ-ге қатынасы 3,5%-ға жақсарып, 108,9% болды. Соның 62%-ы фирмааралық берешекке, 26%-ы «Басқа секторлармен» байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышына, 8%-ы мемлекеттік сыртқы борышқа (Үкімет пен Ұлттық Банк), 4%-ы «Банктер» секторының (ЕДБ және «Қазақстанның Даму банкі» АҚ) сыртқы міндеттемелеріне тиесілі.

2017 жылғы 3-тоқсанда елдің сыртқы борышы, «КазТрансГаз» АҚ-тың еурооблигациялардың 10 жылдық шығарылымын 750 млн. АҚШ долларына тең жалпы номиналдық көлеммен орналастыру, резиденттердің коммерциялық кредиттер бойынша берешегін 204,8 млн АҚШ долларына ұлғайту, еурооблигациялардың қолданыстағы шығарылымдары бойынша купондық сыйақы есептеу (185,7 млн АҚШ доллары) есебінен 1 млрд АҚШ долларына өсті.

Айта кетейік, мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 26,4 млрд АҚШ долларын құраған.