Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі түрде өтетін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент өз сөзінде кәсіпкерлердің ел экономикасына қосып келе жатқан үлесін ерекше атап өтті.
«Әрбір кәсіпкердің жетістігі – ел мерейі», – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, кәсіпкерлер сапалы өнім шығарып, экономиканы дамытып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікті де терең сезінеді.
Тоқаев биыл алғаш рет 29 қазанның «Қазақстан кәсіпкерлері күні» болып бекітілгенін еске салды. Сонымен қатар Президент әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылыққа айрықша үлес қосқан кәсіпкерлерге арналған жаңа награда – «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Келесі жылдан бастап еліміздің бірқатар кәсіпкерлері осы мәртебелі орденмен марапатталады. Бұл – бизнес өкілдеріне деген ерекше құрметтің белгісі», – деді Президент.
Рәсім соңында Мемлекет басшысы ел кәсіпкерлерін тағы бір мәрте құттықтап, мемлекет олардың бастамалары мен жобаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
