25 жел, 2023 сағат 14:28

«Кенжехан» базары әлі Әнипа Назарбаеваның меншігінде ме – министр жауабы

Фото: Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі

Мәжілістегі сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Алматыдағы «Кенжехан» базарының иелері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Әнипа Назарбаев «Кенжехан» базарыныың иелерінің құрамында әлі бар ма?», - деп сұрады журналист.

«Білесіз бе, бізге базардың иесі кім екенінен гөрі сауда нысаны ретіндегі жағдайы қызықты. «Иесі кім», «ол қайда», «неге» деген сияқты сүйікті сұрақтар көп. Біз ылғи айтамыз, ол ақпараттың бәрі заңды тізбеде бар. Оған жалпының қолы жетіп тұр. Әділет министрлігіне иесі кім, қандай екені туралы сауал жолдауға болады. Біз үшін сауда нысанының қажетті деңгейде, заңды жұмыс істегені маңызды. Яғни, субъектілерге емес, объектілерге, инфрақұрылымға, заң талаптарын орындалуына мән береміз», - деді министр.