Фото: Pexels
Қазақстанда жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісінде химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтеді. Химия саласы еліміздің экономикасында маңызды орын алады, себебі ол түрлі салалардың, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен медицинаның, энергетика мен өндірістің дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстанда минералды тыңайтқыштар, бейорганикалық және органикалық химикаттар өндіретін 12 ірі химия және мұнай-химия кәсіпорны жұмыс істейді. Ult.kz тілшісі осы кәсіпорындарды зерттеп көрді.
Біз химияның қаншалықты маңызды екенін күн сайын сезінеміз. Күнделікті өмірде азық-түлік, киім, косметика немесе тұрмыстық химия заттары болсын үнемі химиялық элементтермен және қосылыстармен жұмыс істейміз. Күнделікті қолданатын косметикалық өнімдеріміздің де химиялық құрамы бар екені белгілі. Сусабын, крем немесе парфюмнің құрамындағы әрбір компонент шашымыз бен терімізге әсер етеді. Үй тазалығында қолданатын жуу құралдарының құрамында да химия маңызды рөл атқарады. Бұл заттардың құрамындағы беттік- белсенді заттар мен ферменттер ластануды кетіруге көмектеседі. Бірақ осынша күнделікті тұрмыста қолданып жүұрген заттарымызды шығару үшін елімізде қаншама кәсіпорын мен қаншама адам жұмыс істеп отыр. Бүгін сол кәсіпорындардың біршамасына тоқталып өтсек.
Еліміздегі кәсіпорындар
Жамбыл облысында Қазфосфат ЖШС мен Еврохим-Қаратау ЖШС жұмыс істейді. Біріншісі фосфорлы минералды тыңайтқыштар, ортофосфор қышқылы, фосфор тыңайтқыштары мен натрий үшфосфаты өндірсе, екіншісі фосфориттер өндірумен айналысады. Ал Қарағандыда үш өндіріс орны бар. Атап айтсақ, Теміртау электрометаллургиялық комбинаты кальций карбиді өндіреді.
«Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасында және ТМД елдерінде кальций карбидін және ферроқорытпаларды өндіру нарығындағы көшбасшылардың бірі.
Жақсы және сапалы өнім шығару – біздің басты міндетіміз. Біз көптеген елдерде талап етілген өнімді жасап қана қоймай, сонымен бірге жұмысымыздың маңыздылығын түсінеміз, ал біз оны ерекше мақтанышпен және жауапкершілікпен жасаймыз.
«Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» АҚ Теміртау қаласының ең белсенді кәсіпорындарының бірі бола отырып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға белсенді ат салысады, тұрақты негізде қайырымдылық және демеушілік бағдарламаларды жүзеге асырады», – деп жауап берді кәсіпорынның баспасөз қызметі тілші сауалына.
Сондай-ақ, Қарағандыдағы Максам Қазақстан ЖШС жарылғыш заттар шығарады. Ал Эгофом серпімді пенополиуретан өндіреді. Дәл осы сияқты, Ақтөбеде де екі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ақтөбе хром қосылыстары зауыты хром қосылыстарын, оның ішінде хром ангидриді мен натрий бихроматын өндірса, ҚазАзот ЖШС аммиак, әлсіз азот қышқылы және аммиак селитрасын шығарады. Атырау облысындағы Атырау мұнай өңдеу зауыты полиэтилен мен полипропилен өндіреді.
«ҚазАзот» ЖШС – Қазақстандағы аммиак және аммиак селитрасы өндірісінің жалғыз өндірушісі. Оның негізгі өнімдері: Жидкий аммиак: өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы салаларында қолданылады. Аммиак селитрасы: азотты тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығында кеңінен пайдаланылады. Азот қышқылы: әртүрлі химиялық процестерде қолданылады. Компанияның өндірістік қуаты жылына 200 000 тонна аммиак, 360 000 тонна азот қышқылы мен аммиак селитрасын құрайды. Өндіріс үшін қажетті табиғи газ «Шағырлы-Шомышты» кен орнынан алынуда. Энергияның 85%-ы өздерінің газ-поршеньді электр станциясынан қамтамасыз етіледі.Компанияның мақсаты – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің қажеттіліктерін толық қанағаттандыру және экспорттық әлеуетті арттыру», – деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «ҚазАзот» өнімдерін Қазақстанның ішкі нарығында және Ресей, Беларусь, Польша, Балтық елдері сияқты 15-тен астам елге экспорттайды. Қазіргі уақытта компания жаңа аммиак-карбамид кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды және 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы көзделген. Жаңа зауыттың қуаты жылына 1,5 миллион тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жобаның іске асуы Қазақстанды минералды тыңайтқыштар өндірісі бойынша ТМД елдері арасында жетекші орынға шығаруға ықпал етеді.
Химия өнеркәсібі
Сонымен қатар, Оңтүстік өңірдегі өндіріс орындары да белсенді жұмыс істейді. Шымкент қаласында екі бірдей кәіпорын қызмет көрсетіп отыр. Оның бірі Химфарм АҚ Қазақстандағы дәрі-дәрмектің үштен екісін шығарады, ал екіншісі Шымкентмай «Елдос» АҚ – сабын және жуғыш заттар өндіреді. Алматы облысында да екі кәсіпорын бар: Уркер Косметик АҚ тіс пастасы өндіреді және Агрохимия ЖШС пестицидтердің едәуір бөлігін шығарады.
Ал Алматы қаласындағы АМЗ АҚ негізінен металл өңдеу және өнеркәсіптік жабдықтарды өндірумен айналысады. Ал Гауди ЖШС және Евротек Индастриз ЛТД ЖШС бояу мен лак шығарады. Шығыс Қазақстан облысындағы Қазцинк АҚ күкірт қышқылының моногидратын өндіреді. Ал Маңғыстау облысындағы Sat Operating Aktau стирол полимерінің 70%-ын өндіреді. Сонымен қатар, Қызылорда облысында орналасқан ҚазАзот ЖШС азотты тыңайтқыштар мен аммиак селитрасын өндіреді.
Қазақстан химия өнеркәсібі негізінен үш негізгі сектордан тұрады:
Өнеркәсіпке арналған химикаттар – 64,5%
Агрохимиялық өнімдер – 21,0%
Базалық мұнай-химия – 13,4%
Өзге химия – 1,1%
Қазіргі уақытта Қазақстан химия өнеркәсібі инвестициялар тарту, жаңа технологияларды енгізу және экологиялық стандарттарды жақсарту арқылы дамып келеді. Мысалы, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі химия кешені іске қосылуда.
Ақбота Мұсабекқызы
