08 мам, 2026 сағат 16:46

Шымкентте кәсіпкерлерден заңсыз өндірілген 260 млн теңге қайтарылды


Фото: ашық дереккөз


Шымкентте сыртқы жарнамаға қатысты заң бұзушылықтар анықталып, кәсіпкерлерге негізсіз есептелген 260 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.


Ведомство жүргізген талдау барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан бірқатар заңсыздықтарға жол берілгені белгілі болған.


Атап айтқанда, 4286 кәсіпкерге мемлекеттік бақылау нәтижесінде алдын ала ескерту берілмей, бұзушылықтарды өз еркімен жою мүмкіндігі шектелген. Сонымен қатар жарнама болып саналмайтын 127 нысан сыртқы жарнама ретінде тіркеліп, оларға төлемақы есептелген.


Бұдан бөлек, сыртқы жарнама нысанын орнатпаған 115 тұлға да негізсіз төлем төлеуші ретінде танылған.

Прокуратура мәліметінше, осының салдарынан кәсіпкерлерге жалпы көлемі 260 млн теңге заңсыз есептелген.


Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде бюджетке өндірілген қаражат кері қайтарылып, 2571 кәсіпкер мен жеке тұлғаның құқықтары қорғалды.


Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Айта кетейік, бұған дейін қалада жарнама төлемдерін есептеу мәселесі кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік тудырған болатын.