Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда көлік саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша елімізде көліктің барлық түрімен 928 миллион жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға жоғары, деп хабарлайды Ult.kz.
Жолаушылар тасымалының көшін автомобиль көлігі бастап тұр: автобустар, таксилер, троллейбустар мен маршруттық көліктер арқылы 911,1 миллион адам тасымалданған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10,7%-ға артық.
Әуе көлігімен қатынаған жолаушылар саны да өскен. Алты ай ішінде 7,2 миллион жолаушы ұшқан — бұл 6,1% өсім.
Теміржол көлігін 9,5 миллион жолаушы пайдаланған.
Жүк тасымалы да айтарлықтай артты: 2025 жылдың алғашқы жартысында 550,8 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10,9%-ға көп. Негізінен астық, көмір, қара және түсті металлдар, құрылыс материалдары мен мұнай өнімдері жеткізілген.
Мамандардың айтуынша, бұл өсім ел экономикасындағы жандану мен ішкі сұраныстың артуымен байланысты. Көлік инфрақұрылымына жасалып жатқан инвестициялар да оң әсерін тигізіп отыр.
