09 ақп, 2020 сағат 09:38

Қордайдағы оқиға: ІІМ тағы 2 адамның қайтыс болғанын растады

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы оқиға бойынша 10 адамның көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«10 адам көз жұмды. 39 адам ауруханада жатыр. Сонымен біреге зардап шеккендердің ішінде бес полицей бар. Үшеуі қарудан жараланған. Алайда полиция қызметкерлері ешқандай қарудың қолданбағанын айтқым келеді», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, кешегі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордайдағы оқиға салдарынан 8 адамның қайтыс болғанын мәлім еткен еді.

Еске салайық, 7 ақпанда Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жаппай төбелес болған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты пікір білдірді.

«Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.

Ал сенбі, 8 ақпанда Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қордай ауданындағы жанжалға қатысты ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізді. «8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды», - деді Ішкі істер министрі.