06 ақп, 2020 сағат 11:08

Коронавирус: Қазақстандық үш азамат Ресейде екі апта карантинде болады

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгіме барысында Елжан Біртанов Михаил Мурашконы тағайындалуымен құттықтады және коронавирустық инфекцияға қарсы күресте көрсеткен көмегі үшін және біздің азаматтарды Ухань қаласынан эвакуациялағаны үшін алғыс білдірді.

Тараптар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жедел орталығы арқылы тұрақты байланыс орнатуға және ақпарат алмасуға келісті.

Атап айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Түмен қаласындағы Уханьнан эвакуацияланған үш қазақстандық азаматтың жағдайына бірлесіп мониторинг жүргізеді. Жерлестеріміз екі апталық карантинде отыр.

Айта кету керек, бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.