29 там, 2025 сағат 15:34

Көшпенділер қалашығы Қонаев қаласының меншігіне қайтарылды


Фото: Қонаев әкімдігі


Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы иелік еткен Көшпенділер қалашығы Қонаев қаласының меншігіне берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі. 


Қонаев әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда қалашық ескіріп, кейбір жабдықтары сынып, бастапқы келбетін жоғалтқан. Сондықтан келіссөздерден кейін киностудия декорациялық кешенді Қонаев қаласына сыйға тартқан.


Нысан аумағы – 5,8 гектар, Іле өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.


– Енді қалашық ТҮКШ бөліміне қарасты болады. Алдағы уақытта бұл аумақты туризм бағытында дамыту көзделіп отыр. Сондай-ақ оны күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеу жасауға бюджеттен қаржы қарастырылады.Бүгінде инфрақұрылымды дамыту мақсатында жұмыстар басталған. Қалашыққа апаратын күре жол салынып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.