05 там, 2025 сағат 11:14

Қостанай облысында 17 ауыл ішімдіктен бас тартты

Фото: Polisia.kz

Қостанай облысында алкогольге тәуелділікті азайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты мәдени ортаны қалыптастыру мақсатында «Мәдени қоғам» жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаның ең маңызды жетістіктерінің бірі – 17 ауылдың алкогольден толық бас тартуы. Бұл елді мекендер салауатты өмір салтының үлгісін көрсетіп, өзге өңірлерге де оң әсер етуде.

Жоба кең қоғамдық қолдауға ие. Қалалар мен ауылдарда құрметті ақсақалдар, дін өкілдері мен белсенді азаматтардан құралған қоғамдық комиссиялар жұмыс істейді. Олар алкогольге тәуелді жандарға қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ішімдік сататын орындарға рейдтер ұйымдастырылып, заң бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Полиция, еріктілер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізілген тексерулердің нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға алкоголь сату бойынша 217 заң бұзушылық анықталған.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Аманжол Байзақовтың айтуынша, биылғы 7 айда мас күйінде жасалған қылмыстар 3,3 пайызға азайған. Алайда қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын, отбасында жанжал шығаратын және ішімдікке үйір адамдарды бақылау жалғасып жатыр. Жыл басынан бері сот шешімімен 2600 адамға алкоголь тұтынуға тыйым салынған, оның ішінде үй жағдайында да.

«Мәдени қоғам» жобасы 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қолға алынған. Басты мақсаты – зиянды әдеттермен күресу арқылы мәдени әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыру. Қостанай облысы бұл бағытта батыл қадам жасап, ішімдікке тәуелсіз, салауатты өмір салты бар елді мекендердің қатарын арттыруда.