Фото: Мәжіліс
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіш Қостанай қаласында бой көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.
Шара барысында Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы хатында Міржақып Дулатұлының ұлт рухын көтерудегі еңбегін атап өтіп:
«Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз», – деді.
Салтанатты жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік пен Міржақып Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, Алаш ардақтысына тағзым етті.
Айта кетейік, қайраткердің 140 жылдығы республика көлемінде кеңінен аталып өтуде. Бүгін Торғай ауылында халықаралық ат марафоны – «Ұлы дала жорығы» аламан бәйгесі басталды. Тұлпарлар Тобыл–Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырымдық қашықтықта сынға түседі. Сондай-ақ, міржақыптануға арналған ғылыми конференция мен республикалық айтыс ұйымдастырылады.
Ерлан Қошанов бұл шаралар Алаш арысына деген халықтың құрметі мен мемлекеттің бағасын айқындайтынын атап өтті.
«Біздің бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Қуатты, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл – кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де ортақ арманымыз», – деді Мәжіліс төрағасы.
