13 нау, 2023 сағат 15:32

Қостанайда салмағы 7 келіге жуық алып қыз дүниеге келді

Фото: alau.kz

Облыстық аурухананың перинаталдық орталығы қызметкерлері салмағы 6 келі 700 грамм (69 сантиметр) қыз дүниеге келгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты "Алау" басылымына сілтеме жасап.

Мамандардың сөзінше, акушерлік тәжірибеде салмағы 4-5 кг нәресте алып қатарына кіреді. Ал 6 келі немесе одан да көп салмақты балалар орталықта сирек кездеседі.

Олардың айтуынша, қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.

"Ананың босануы жоспар бойынша, яғни кесарь тілігі арқылы өтті. Жаңа туған нәресте екі күн реанимацияда жатты. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Қызға Айару есімі қойылды, ол - отбасындағы үшінші бала", - деді дәрігерлер.

Анасы Әйгерім Долдашева перинаталдық орталық дәрігерлеріне алғысын білдірді. Әулиекөлдегі үйінде Айаруды әкесі, ағасы және әпкесі күтіп отыр.

Балалар бөлімінде нәрестені неонатолог дәрігерлер Ақмарал Ақатай мен Әсет Өтегенов бақылап отыр.