02 нау, 2026 сағат 11:37

Кристина Шумекова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үш дүркін чемпион атанды

Фото: ҚР ТСМ

Германияның Инцелль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Кристина Шумекова тамаша нәтиже көрсетіп, үшінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл жолы отандасымыз 1000 метр қашықтықта 1:16.34 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын бірінші болып кесіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Бұған дейін ол 500 және 1500 метр қашықтықтарында да топ жарып, екі алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша Кристина жасөспірімдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының өзге спортшылары да жарыс жолына шықты. Анастасия Беловодова 1:17.99 нәтижесімен жетінші орынға ие болса, Варвара Глухова 32-орыннан көрінді. Айзада Рымбек жарысты 34-сатыда аяқтады.

Көпсайыс қорытындысы бойынша Кристина Шумекова 156.001 ұпай жинап, абсолютті әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Сондай-ақ 3000 метр қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. Айта кетерлігі, бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан атынан ешбір спортшы мұндай биік нәтижеге жетпеген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны тарихи жетістігімен құттықтап, бұл жеңісті отандық спорт тарихындағы ерекше оқиға ретінде бағалады. Президенттің айтуынша, мұндай табыс – талант пен табанды еңбектің, темірдей тәртіп пен жеңіске деген мұқалмас жігердің жемісі.

Өз кезегінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та Кристина Шумекованың тарихи жеңісін жоғары бағалап, спортшыны дайындаған жаттықтырушылар құрамына және бүкіл командаға алғыс білдірді.

Кристина Шумекова халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып, жас спортшыларға жарқын үлгі көрсетті.