17 нау, 2026 сағат 14:49

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНАН ПАРТИЯЛАРДЫҢ ҮМІТІ ЗОР

Фото: Ұлан Аманбекұлының жеке мұрағаты

Қазақстанның жаңа парламенті – Құрылтайға сайлау тамыз айында өтетіндігі белгілі. Мемлекет басшысы конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөнінде жарлыққа қол қоятындығын жеткізді. Демек, партиялар жоспарларын айқындап, саяси додаға дайындық жүргізіп алуына уақыт жағынан жақсы мүмкіндік беріліп отыр. Қазақстандағы жаңа саяси реформалар ел өміріне қандай өзгерістер әкелемек, бұл туралы «Ауыл» партиясының Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Абдыханов Ұлан Аманбекұлының ойын білдік. 


- Президент алдағы Құрылтай сайлауы «Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады» деді. Биылғы сайлау процестері партиялар үшін қандай өзгерістер әкеледі деп ойлайсыз? 

- Президент жариялаған Құрылтай сайлауы біздің партия үшін де, бүкіл еліміз үшін де  үлкен бетбұрыс. Биылғы сайлау процестері әкелетін басты үш өзгерісті атап өткім келеді: Біріншісі, бір палаталы Құрылтайға көшу, партиялар арасындағы «қызу» бәсекені тудырады. Енді құрғақ уәде емес, халыққа жақын нақты бағдарламалар ғана жеңіске жетеді. Екіншіден, жаңа Конституция негізінде өтетін бұл сайлау барлық партияларға тең мүмкіндік береді. Бұл — саяси жүйенің «тазаруы» және жаңаруы. Үшіншіден, сайлауға берілген 5 ай дайындық уақыты, бізге әрбір ауылға жетіп, қарапайым еңбек адамының үнін естуге мүмкіндік береді. «Ауыл» партиясы бұл реформаларды толық қолдайды. Біз үшін бұл ауыл мүддесін мемлекеттік деңгейде жаңа сапамен қорғаудың тарихи мүмкіндігі.

- Осы ретте париялар арасында бәсекелестік деңгейінде өзгеріс болады деп ойлайсыз ба?

- Президент атап өткендей, алдағы сайлау процестері шынымен де саяси жүйені жаңғыртуға ықпал етеді. Бұл, ең алдымен, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Яғни, әр партия халыққа нақты бағдарламамен шығып, өз позициясын дәлелдеуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде саяси мәдениеттің сапасын көтереді. Сайлау жүйесіндегі өзгерістер саяси ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Енді сайлаушының даусын алу үшін популистік ұрандар емес, нақты іс пен сауатты бағдарламалар керек. Бәсекелестік саяси сахнаға жаңа есімдер мен соны идеяларды алып келді. Партиялар тек сайлау кезінде емес, күнделікті форматта халықпен жұмыс істеуге көшті. Бұл азаматтардың саяси мәдениетін көтеріп, еліміздің саяси жүйесін айтарлықтай жаңартты.

- Бір палаталы жаңа парламент - Құрылтайдың болашақтағы басты басымдығы неде?

 - Құрылтайдың негезгі бастамасы еліміздегі саяси жүйені оңтайландыруға бағытталып отырған маңызды қадамдардың бірі. Оның негізгі артықшылығы – шешім жылдам қабылданады. Бұған дейін қос палаталы жүйеде заң жобалары бірнеше кезеңнен өтсе, бір палаталы құрылымда бұл үрдіс ықшамдалып, уақыт кәдімгідей үнемделеді.Сонымен қоса, дәл осы модель халықтың пікірін тікелей жеткізуге жақсы мүмкіндік береді. Құрылтай форматы қоғамдағы әртүрлі топ өкілдерін біріктіріп, маңызды деген мәселелерді ашық талқылауға жол ашқалы отыр.  Бұл дегеніңіз азаматтық қоғамның дамуына оң әсерін тигізетін сөзсіз.  Және тағы айта кететін тұсі ол – жауапкершіліктің нақтылануы. Бір палаталы парламентте қабылданған шешімдер үшін нақты бір орган жауап береді. Яғни, бұл дегеніңіз басқару жүйесіндегі ашықтық пен есептілікті күшейте түседі. Сонымен қоса, бюрократиялық кедергілер азайып, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артады. Бір сөзбен айтқанда жаңа Құрылтай ұлттық бірлікті күшейтетін, әртүрлі көзқарастағы азаматтарыңды басын біріктіріп, елдік мәселені көтеретін оратық алаң болмақ. Біз айтып жүрген «Әділетті Қазақстан» қағидатын нақты іске асыруға серпін береді.  

- Саяси додаға дайындықтарыңыз қалай?

Қазір уақытта Құрылтай сайлауына қарқынды дайындық басталып кеткен. Ең алдымен сайлауалды бағдарламаларымыз жаңартылып жатыр. Бұл ретте қоғамдағы өзекті деген мәселелер бойынша ұсыныстарға басымдық беріліп отыр. Әлеуметтік әділдік, жастар саясаты, өңірлік даму, оның ішіне әрине ауылдың жай-күйі, білім мен экономика сияқты мәселелер партяиның күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, партия қатарына күшейту масқсатында жаңа кандидатураларды тарту жағына да ерекше мән берілуде. Осы орайда біз жастар мен азаматтық белсінділерді қатарымызға қосуды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта аймақтарда жұмыс күшейтіледі. Партия өкілдері ел ішін аралайды, халықтың нақты сұраныстарын тыңдап, соған сай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Қысқасы, алдағы жаз тура және ауыспалы мағынада ыстық болайын деп тұр. 

- Сұхбатыңызға рахмет. Сәттілік тілеймін!


Ұлан Аманбекұлы Абдыханов
«Ауыл»  партиясы Астана қаласы бойынша
өңірлік филиал төрағасы