Коллаж: Baq.kz
ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин қазақстандық БАҚ-қа сұқбат берді. Әңгіме барысы Қытайда Жапон басқыншыларына қарсы Қытай халқының соғыстағы Жеңісінің және Дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар, сондай-ақ жаһандық басқару бастамасының жариялануы туралы болды, деп жазады Ult.kz.
– Құрметті Елші мырза, осы сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс білдіреміз. 3 қыркүйекте Бейжіңде Жапон басқыншыларына қарсы Қытай халқының соғыстағы және Дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Биыл Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісіне және Дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңісіне 80 жыл толып отыр. 80 жыл бұрын Қытай халқы 14 жылға созылған қаһармандық күрестің нәтижесінде Жапон басқыншыларын күйрете жеңіп, Дүниежүзілік антифашистік соғыстың толық жеңісін жария етті. Бұл соғыс – бүкіл әлемдік антифашистік күрестің маңызды бөлігі. Қытай халқы орасан зор құрбандықтар шегіп, адамзат өркениетін сақтап қалуға және жаһандық бейбітшілікті қорғауға шешуші үлес қосты.
Осы ұлы жеңістің құрметіне 3 қыркүйекте Бейжіңде салтанатты шаралар өтті: ауқымды әскери парад, ресми қабылдау және мәдени-өнер кеші ұйымдастырылды.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және тағы 25 мемлекет пен үкімет басшылары қатысты. Сонымен қатар парламент спикерлері, вице-премьерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, бұрынғы мемлекет қайраткерлері мен Қытайдың шетелдік достары болды. Мұндай кең ауқымды халықаралық қатысу әлемдік қауымдастықтың Қытай бастамаларына жоғары көңіл бөлетінін және Қытайға деген достық әрі терең құрметті көрсетеді. Бұл сонымен қатар Қытайдың Жеңіске қосқан тарихи үлесінің халықаралық мойындалғанын дәлелдейді.
Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңіс – тек Қытай халқының ғана емес, бүкіл әлем халықтарының ортақ жеңісі.
– Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай Қытай тарапынан қандай еске алу шаралары ұйымдастырылды? Негізгі мақсаттары қандай?
– Осы мерейтойға байланысты Қытайда бірқатар ірі іс-шаралар өтті. Атап айтқанда: «Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісінің 80 жылдығы» медальдары ардагерлерге, қарияларға, қолбасшыларға және олардың отбасыларына табысталды; Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыс музейінде жалпыұлттық соғыстың басталғанына 88 жыл толуына арналған салтанатты рәсім және «Ұлттық азаттық пен әлемдік бейбітшілік үшін» атты көрме өткізілді; Гонконг, Макао, Тайвань және шетелден келген отандастардың қатысуымен ғылыми симпозиум өтті. Бұл шаралардың мақсаты – ұлы отаншыл рух пен Қарсылық соғысының рухын мәңгілікке сақтау.
Біріншіден, тарихи жадыны сақтау, Қытай халқының жанқиярлық күресін есте ұстау. Екіншіден, құрбан болған батырларды еске алу, жеңіске үлес қосқандарға алғыс білдіру. Үшіншіден, бейбітшілікті қадірлеу, Қытай халқының бейбіт даму жолына адалдығын растау. Төртіншіден, болашаққа сеніммен қарау, тарих сабақтарынан күш-қуат алып, Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін және соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпті қорғау.
– Кейбір елдер Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бұрмалап, ақиқатты өтірікпен араластыруға тырысуда. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Тарихи шындықты қорғау – адамгершілік, халықаралық әділет пен жаһандық бейбітшіліктің мәселесі. Тарихты дұрыс түсіну – мемлекеттердің моральдық жауапкершілігін көрсетеді.
Қазір тарихи нигилизм мен ревизионизм күшейіп келеді. Олар тарихты бұрмалап, әділет өлшемдерін әлсіретіп, соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпке қауіп төндіруде. Бұл әлемдік тұрақтылыққа шынайы қатер.
80 жыл өткеніне қарамастан, әлі де тарихи деректерді жоққа шығарып, агрессияны ақтауға тырысатындар бар. Бірақ тарихты бұрмалауға болмайды. Қытай халқы да, әлем халықтары да мұндай әрекеттерге жол бермейді.
Биыл Тайваньның Жапон оккупациясынан азат етілуінің 80 жылдығы да атап өтілді. Каир декларациясы, Потсдам декларациясы және БҰҰ Бас Ассамблеясының №2758 қарары Қытайдың Тайваньға егемендігін нақты айқындайды. Тайваньның Қытайға қайта оралуы – тарихтың объективті заңдылығы. Ақыр соңында Қытай міндетті түрде біртұтас болады.
– Қазақстан мен Қытай фашизмге қарсы күресте одақтас болды. Сол кездегі халықтар арасындағы достық туралы айтып берсеңіз. Бұл достықты келер ұрпаққа қалай жеткізу керек?
– 80 жыл бұрын Қазақстан Кеңес Одағының басқа республикаларымен бірге Жеңіске зор үлес қосты. «Қазинформ» дерегіне сүйенсек, 1,2 млн-ға жуық қазақстандық майданға аттанды, олардың әрбір екіншісі қаза тапты. 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атанды.
Қазақстан артиллериялық, авиациялық бөлімдер құрып қана қоймай, стратегиялық металдармен қамтамасыз ететін маңызды база болды. Алатау қаласы Қытайға Кеңес көмегінің негізгі тораптарының бірі болды. Солтүстік-батыс дәлізі арқылы әскери жүктер Ланьчжоуға жеткізіліп отырды. Бұл Қытай үшін өмірлік маңызы бар жол болды.
Қытай халқы 35 млн адамын жоғалтса да, басты шығыс майданды ұстады. Қазақстан халқы да Ұлы Отан соғысында өлшеусіз құрбандық жасап, Жеңіске үлес қосты. Екі халықтың бұл ортақ күресі достықтың берік негізін қалады.
ҚХР Елшілігі Қазақстанда бірқатар еске алу шараларын өткізді: Қорғаныс министрлігімен бірлескен фотокөрме, Қытай ЖОО түлектерінің қауымдастығымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл – біздің халықтар арасындағы достықтың берік іргетасы.
Жастар – ұлттың болашағы. Сондықтан жас буынды тарихи мұраны құрметтеуге, достықты жалғастыруға тәрбиелеу қажет.
– 1 қыркүйекте Си Цзиньпин Тяньцзинде «ШЫҰ плюс» форматында Жаһандық басқару бастамасын жариялады. Бұл бастаманың мәні неде?
– Қазіргі халықаралық жағдай күрделі дағдарыстармен сипатталады. БҰҰ және көпжақтылық қағидаттары сынға ұшырауда, жаһандық басқарудағы тапшылық артуда. Сондықтан тиімді басқару жүйесін қалыптастыру – бүкіл әлем үшін маңызды.
Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық басқару бастамасы уақытылы көтерілген және халықаралық тәртіпті жетілдіруге бағытталған қытайлық ұсыныс болып табылады.
Бұл бастама бес қағидатқа негізделген: бірінші – егеменді теңдік, екінші – халықаралық құқықты сақтау, үшінші – көпжақтылықты жүзеге асыру, төртінші – адамға бағытталған көзқарас, бесінші – іс-әрекетке бағдарлану.
Бұл қағидаттар БҰҰ Жарғысының мақсаттарына сай және әлем елдерінің көпшілігінің ортақ тілегін бейнелейді. Мұнда бар халықаралық тәртіпті бұзу емес, оны жетілдіру көзделеді.
Президент Тоқаев та бұл бастаманы қолдап: «Мен Қытай Төрағасының Жаһандық басқару жөніндегі бастамасын зор қызығушылықпен қабылдадым. Онда халықаралық қоғамдастықтың дамуы жөнінде ұзақ мерзімді көзқарас бар» деді.
Қытай бұған дейін Жаһандық даму, Жаһандық қауіпсіздік және Жаһандық өркениет бастамаларын ұсынған болатын. Жаһандық басқару бастамасы солардың жалғасы болып табылады. Төрт бастама бір-бірін толықтырып, тұрақсыз әлемге айқындық енгізеді.
Қытай әрі қарай да тарихтың дұрыс жағында, адамзат прогресінің жағында, көпжақтылықтың жағында қала береді. «Бірлесіп талқылау, бірлесіп құру, бірлесіп пайдалану» қағидаты бойынша Қытай БҰҰ және барлық мүдделі тараптармен үйлесімділікті нығайтып, әділетті жаһандық басқару жүйесін құруға және Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға атсалысады.
