19 сәу, 2026 сағат 13:14

Қыз жібектің қамзолы: Актриса Меруерт Өтекешева пікір білдірді


Фото: ашық дереккөз


Қазақ киносына қатысты дауға айналған қамзол мәселесіне актриса Меруерт Өтекешева пікір білдірді. Өнер иесі қоғамдағы қызу талқылаудың бағытына күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.


Қазақ кино өнеріне қатысты дау тудырған қамзол төңірегіндегі пікірталасқа танымал актриса Меруерт Өтекешева араласты. Оның айтуынша, қоғамда сөз болып жүрген қамзол – түпнұсқа бұйым.


Журналист Гүлбану Әбеновамен сұхбат барысында актриса кеңестік кезеңде түсірілген фильмдердегі көптеген реквизиттер мен костюмдердің түрлі себеппен жан-жаққа тарап кеткенін айтты. Қазіргі уақытта мұндай тарихи жәдігерлердің бір бөлігі жеке адамдардың қолында сақтаулы.


Актрисаның сөзінше, музейде тек бір ғана нұсқа бар, алайда оның өзі тиісті деңгейде күтілмей отыр. Осы жайт өнер мұрасына деген көзқарастың жүйелі еместігін көрсетеді.


Меруерт Өтекешева бұл мәселе төңірегіндегі даудың шектен тыс ушығуын құптамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, қоғам назары ең алдымен өнердің өзіне, сол дәуірдің тірі куәгерлеріне аударылуы тиіс. Актриса аталған фильмге түскен әріптестерінің ішінде көзі тірі жалғыз өзі екенін атап өтті.


Өз кезегінде журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі жазбасында мәдени мұраны жүйелеу мәселесін көтерді. Оның пікірінше, мәдениет саласына жауапты органдар кино реквизиттері мен костюмдерін жинақтап, мемлекет қарауына алу бастамасын қолға алуы керек.


Бұған дейін аталған қамзолдың Баян Мақсатқызының қолында болуы қоғамда түрлі пікір туғызған еді. Бұл жағдай кино мұрасының сақталуы мен меншік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.