17 сәу, 2026 сағат 19:07

Мәдениет министрлігі «Қыз Жібек» фильміндегі камзолдың Баян Алагөзоваға қалай түскенін тексеріп жатыр

Коллаж: Ult.kz
Жақында продюсер Баян Алагөзова мақтанышпен көрсеткен «Қыз Жібек» фильміндегі камзолға қатысты оқиға Мәдениет және ақпарат министрлігінің назарын аударды. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Алагөзова бұл аңызға айналған камзолды Instagram желісіндегі оқырмандарына көрсетіп, оның сыйлыққа берілгенін айтты. Дәл осындай қызғылт камзолды актриса Меруерт Өтекешева «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған кезде киген болатын.

"Бұл жай ғана зат емес, мен оны өмірімнің соңына дейін сақтаймын. Себебі бұл – Меруерт Өтекешеваның шынайы камзолы, оған шамамен 50 жыл болған. Бұл – Гүлфайрус Ысмайылованың қолынан шыққан туынды. Осындай құнды дүниенің маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Тіпті Меруерт Өтекешевамен өлшеміміз де бірдей екен", – деді Алагөзова бейнежазбасында.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының қорында фильмнен қалған жалғыз түпнұсқа камзол сақтаулы. Қазіргі таңда мамандар екінші камзолдың қайдан шыққанын анықтауға кіріскен. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл реквизиттің аса құнды екенін атап өтіп, «Қазақфильм» мұндай жәдігерлерді сақтау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан продюсер Баян Алагөзованың «Қыз Жібек» фильміндегі киіміне қатысты жариялаған жазбасына байланысты төмендегіні хабарлайды.
Біріншіден, «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланылған бір камзолдың түпнұсқасы сақтаулы. Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалған. Ал продюсер жариялаған жазбадағы екінші камзолдың жеке қолға қалай өткендігі анықталуда.
Екіншіден, «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық фильмдерде пайдаланылған құнды реквизиттерді, костюмдер мен басқа да тарихи маңызы бар заттарды жүйелі түрде жинақтап, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс ұлттық мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Үшіншіден, қазіргі уақытта «Қазақфильм» жанынан заманауи талаптарға сай келетін ауқымды музей ашу жоспарлануда. Аталған музейде отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылатын болады", - делінген хабарламада.