28 сәу, 2026 сағат 13:52

Қызды шығарып салғаны үшін қаза тапты: Алматы облысында 17 жастағы жасөспірім пышақталды

Фото: almaty.tv

Алматы облысында 17 жастағы Жангелді Мұраттың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары бұл істің әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 1 қаңтар күні болған. Анасының айтуынша, Жангелді өзін шығарып салуды өтінген бойжеткенді үйіне жеткізу үшін шыққан. Жолда оны үш жігіт тоқтатып, «қарындастарымен» не себепті сөйлесіп жүргенін сұраған. Алайда туыстары олардың қызбен ешқандай туыстық байланысы болмағанын айтады.

Жанжал ушығып, оқиғаға тағы бір жасөспірімнің ағасы қосылған. Сол сәтте күдіктінің анасы араша түспек болған. Айтылған дерек бойынша, абайсызда Жангелдінің қолы әйелге тиіп кеткен. Осыдан кейін тоғызыншы сынып оқушысы оған бірнеше рет пышақ сұққан.

Ауыр жараланған жасөспірімді оқиғаға қатысушылар ауруханаға жеткізбек болғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.

Марқұмның жақындары Жангелдіге кемінде төрт адам шабуыл жасағанын айтады. Алайда қазіргі таңда сот алдында тек бір кәмелетке толмаған күдікті ғана жауап беріп жатыр. Қалғандарының жауапкершіліктен тыс қалуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Жангелді медицина саласында оқып, болашақта адам өмірін сақтап қалуды армандаған.

Іс бойынша сот процесі күдіктінің кәмелетке толмағанына байланысты жабық режимде өтіп жатыр.