30 қар, 2022 сағат 09:16

Лаура Алмағанбетова еркін күрестен Азия чемпионы атанды


Еркін күрестен Азия чемпионатында 23 жасқа дейінгілер арасында Лаура Алмағанбетова топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан күрес федерациясы таратқан мәліметке сенсек, United World Wrestling ұйымы Лаура Алмағанбетоваға арнайы хат жолдаған.

Онда Бішкекте өткен Азия чемпионатының финалында Лаурамен белдесіп, алтын медаль жеңіп алған үндістандық спортшының допингке қарсы талаптарды бұзғаны жазылған.

Осылайша чемпионаттың 57 келіге дейінгі салмақтағы алтын медалі қазақстандық спортшыға беріледі.

Лаура Жақсылыққызы Қостанай облысында туған. 2004 жылдан бері Сарыкөл аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады.

Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Респбликасының алты дүркін чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасына іріктеп алынған.