22 там, 2016 сағат 16:49

Мәдениет Ешекеев. "Сегіз аяқ" (Видео)

 

“Сегiз аяқ” – Абайдың шығармашылық ғұмырының нағыз кемел шағында (1889 жыл) жазылған аса көркем шығармасы. Өлеңнiң әр шумағы сегiз жолдан қайырылып келгендiктен “Сегiз аяқ” деп аталады. Көлемi жағынан да аса ауқымды, жиырма бес шумақтан тұрады. Мұхтар Әуезов ақынның қоғам шындығы, заман сипаты мен өз жеке басының мұңын жиған кесек туындысы “Сегiз аяқ” жайында былай дейдi: “Өзiнен бұрын ешкiм таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейi ән шығарады. Бұл да өлеңнiң мазмұны мен мақсатына ақынның ерекше зер салғанын көрсетедi”.

Абай әндерiн нотаға түсiру және зерттеу өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бас­талады. 1912-22 жылдары Альвин Бимбоэс әншi Мұстафа Нұрбаевтың орындауында Абайдың “Сегiз аяқ” әнiнiң бiрiншi түрiн нотаға түсiредi. 1922 жылы А.Затаевич Абайдың он жетi әнiн нотаға түсiредi. Соның iшiнде “Сегiз аяқ” әнiнiң екi түрi бар. Композитор Л.Хамиди 1935 жылы Семей қаласында Абайдың немере iнiсi Әрхам Ысқақ­ұлынан Абайдың 15 әнiн жазып алып, нотаға түсiредi. Iшiнде “Сегiз аяқ” әнiнiң тағы бiр үлгiсi кездеседi. 1938 жылы Л.Хамиди Ж.Елебековтiң орындауында “Сегiз аяқтың” екi түрiн және осы жылы Б.Ерзакович Қ.Лекеров пен Т.Арғынбаевтың айтулары бойынша тағы нотаға түсiредi. 1939 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы   Абайдың немересi Мәкен Мұхамеджанованың орындауында Абайдың 16 әнiн (мұның iшiнде “Сегiз аяқ” та бар) нотаға түсiредi. Әндердi нотаға түсiрген – А.Жұбанов пен А.Серiкбаева. Сонымен бiрге Мәкеннiң айтуымен және әншi Қали Байжановтың орындауында 1984 жылы Қ.Жүзбасов әннiң тағы екi түрiн нотаға түсiредi. Әр жылдары жазылған онға жуық нұсқасы бар. Абай әндерi ел ара­сына ауызша тарағандықтан, әр әншiнiң орындау мәне­рiне, дауыс ерекшелiгiне қарай сәл өзгерiстерге ұшырауы заңды. Осы жағынан келгенде өнертанушы-ғалымдар Мәкен Мұхамеджанова, Әрхам Ысқақов, Қали Байжановтың орындауындағы әндердiң түпнұсқаға жақын екенiн айтады. Бұлай болуы заңды да, себебi Әрхам – Абайдың немере iнiсi, ақын мұрасын ел iшiне насихаттаушы жанашыры, ал Мәкен – Тұрағұлдың қы­зы, Абай әндерiнiң алғашқы орындаушысы болған Әйгерiм­нiң немересi. Тұрағұл да әншi адам болған. Негiзiнен Абай ән­дерi ауызша тарағанымен, аса көп өзгерiстерге түсе қоймады. Себебi, Абайдың ән мектебi болды. Ақын шәкiртте­рiнiң барлығы да поэзия мен ән өнерiн қатар алып жүрген өнерлi жандар едi. Ақылбай, Әлмағамбет, скрипкашы Мұқа, жары Әйгерiм Абай әндерiнiң тек тыңдаушысы ғана емес, оны бабына кел­тiрiп орындаушылары болғаны жақсы белгiлi, А.Жұбановтың сөзiмен айтқанда: “Абай тәр­биесi арқылы әдебиетте, музыкада, әрбiр жаңалықтың басы қылт ете қалса, соны өткi­зу жолында қолындағы бар рухани қаруын жұмсауға даяр кiсiлер едi”.

А.Бүркiтбаева,

Абай мұражайының аға ғылыми қызметкерi.