08 қар, 2023 сағат 14:28

Мәжілісте 5 мың адамнан 30 млрд теңге алдап алған топтың мәселесі көтерілді

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев 5 мың адамнан 30 млрд теңге алдап алған топтың мәселесін көтеріп, Бас прокурордың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Өткен жылдың өзінде 20 444 дерек тіркеліп, азаматтарға 16,5 млрд теңгеге залал келген. Ал биыл жыл аяқталмаса да, 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, зардап көлемі 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны - көбіне үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер. Интернет-алаяқтықтың түр-түрі бар. Соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арзан тауар жеткізушілер көбейген. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі халықты толығымен алдап жүр. (...) Қазір байытамын дейтін «Байерге» барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүр», - деді депутат.

Дәулет Мұқаев өзі айтқан мәліметтерге нақты мысал да келтірді.

«Солардың бірі – Айс Мұратова деген лақап атпен танымал. Шын аты – Арайлым. Ол соңғы екі жылда халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқтар жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астымда заңды жұмысшыларым бар деп елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа, аударма арқылы жіберуді сұраған. Басында аз-маз ақшаға қажетті тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан астам азаматтан жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен. Енді сауда жасап, күн көрмекші болған азаматтар арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпайды дейді», - деді депутат.