Фото: Видеодан скриншот
Сейсенбі күні Мексиканың президенті Клаудия Шейнбаум ел астанасы Мехико көшесінде тұрғындармен сөйлесіп тұрған сәтте ішімдікке тойып алған ер адам оны сүймек болды. Бұл туралы Ult.kz Theguardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаның бейнежазбасында мас күйдегі ер адам президенттің мойнынан сүймек болып, артынан құшақтауға тырысқаны көрінеді. Сол сәтте Шейнбаум оның қолын итеріп, бұрылып қарайды, осы сәтті президенттің жанындағы билік өкілі арашалап алады.
Ер адамды алып кеткен кезде Шейнбаум сәл жымиып:
«Уайымдамаңыздар», – деп жауап бергені естіледі.
Штат полициясы кейіннен ер адамның ұсталғанын растады. Ал Шейнбаум сәрсенбі күні ол адамға қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.
«Мен әйел болғандықтан мұндай жағдайға өзім де тап болдым, бірақ бұл – бүкіл еліміздегі әйелдерге қатысты мәселе», – деді президент өзінің күнделікті баспасөз мәслихатында. – «Егер мен шағымданбасам, онда өзге мексикалық әйелдердің жағдайы не болмақ? Егер мұны президенттің өзіне жасаса, онда елдегі басқа әйелдерге не істеуі мүмкін?» – деді ол.
