Фото: ОАМ
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бірлесіп мектептердегі бітіру кештерін өткізу тәртібін нақтылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, аттестат тапсыру рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында өткізіледі. Сонымен қатар, оқушылардан, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден ақша жинауға және кез келген материалдық құндылықтарды талап етуге қатаң тыйым салынды.
Құжатта бітіру кештерін мектептен тыс жерлерде, оның ішінде мейрамханалар мен ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға жол берілмейтіні атап өтілген.
Бұл шаралар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды қажет етпейтін мәдени-ағартушылық және тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру тапсырылды. Ал ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті сақтау және бітірушілердің қауіпсіздігін бақылау міндеті жүктелді.
