Фото: ДСМ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елде сирек кездесетін жағдай тіркеліп, бір уақытта екі мультиағзалық донорлық процесс жүзеге асырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік дерегінше, мұндай операциялар трансплантология жүйесінің жоғары деңгейде үйлесімді жұмысын талап етеді. Донорлардың бірі – Астанада 1981 жылы туған әйел. Ми өлімі тіркелгеннен кейін оның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген.
Осы шешімнің арқасында ұзақ уақыт бойы кезекте тұрған бірнеше науқасқа бірден көмек көрсетілді. Донордан алынған жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек сынды ағзалар еліміздің түрлі өңірлеріндегі, соның ішінде Астана, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және оңтүстік аймақтардағы пациенттерге трансплантацияланды.
Бір мезгілде екі донорлық процесті жүзеге асыру бірнеше медициналық топтың жедел әрі үйлесімді әрекетін талап еткен. Операцияларға Алматыдан Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Астанадан UMC кардиохирургиялық орталығы мамандары, сондай-ақ санитариялық авиация борттары мен жергілікті қызметтер жұмылдырылған.
Барлық жұмыстарды Трансплантаттау мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық үйлестірген.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жағдай трансплантаттау жүйесінің жоғары жүктемеге дайын екенін және күшейтілген режимде тиімді әрекет ете алатынын көрсетті.
Соңғы екі жылда салада оң динамика байқалады. Әлеуетті донорларды анықтау көрсеткіші 2023 жылғы 49 жағдайдан 2025 жылы 186-ға дейін артқан. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлық процестер саны 2023 жылғы 7 жағдайдан 2025 жылы 19-ға жеткен. Бұл жүздеген пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
Денсаулық сақтау министрлігі донорлардың туыстарына алғыс білдіріп, мұндай шешімдер бірнеше адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, елде донорлық мәдениетті дамыту және саналы таңдау жасау маңыздылығы ерекше екені айтылды.
