Фото: ашық дереккөзден
Астанада жол қозғалысы ережелерін өрескел әрі жүйелі түрде бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Полиция мәліметінше, 27 жастағы BMW жүргізушісі жыл басынан бері 61 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 59-ы – жылдамдықты асыру деректері.
Ең қауіпті жағдайлардың бірі әл-Фараби көшесінде тіркелген. Жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінен сағатына 133 шақырым жылдамдықпен қызыл жарыққа өтіп кеткен. Бұған қоса, рұқсат етілген 90 км/сағ жылдамдықтың орнына 216 км/сағ-пен жүргені анықталған.
Полиция мұндай әрекеттердің азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Ведомство өкілдері заң талаптарын қасақана елемейтін тұлғаларға, олардың әлеуметтік мәртебесіне немесе табыс деңгейіне қарамастан, қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.
Kozachkov offside Telegram арнасының жазуынша, ұсталған азамат – танымал IT-кәсіпкер, мобильді ойын әзірлеуші Роман Линейцев. Ол “Grand Mobile” жобасының авторы ретінде белгілі. 2024 жылы компания табысы 18 миллион долларды құрағаны айтылған. Сондай-ақ ол Forbes журналының “30 жасқа дейінгі 30 үздік” тізіміне енген.
Ақпараттарға сәйкес, кәсіпкердің иелігінде бірнеше көлік бар және ол түрлі спорттық ұйымдар мен стартаптарды қолдап келеді. Алайда бұл жағдай заң талаптарын сақтаудың баршаға бірдей міндет екенін тағы бір мәрте көрсетті.
