12 қыр, 2023 сағат 17:06

Мектептерде алғаш рет "Ақындар айтысы" байқауы басталды

Фото: inform.kz

11 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында бірінші тоқсан бойы «Ақындар айтысы» суырып салма ақындар мүшәйрасы өтеді. Байқау «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткізіліп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл жоба Қазақстанның ұлттық өнерін, мәдениетін және мұрасын қолдау мен дәріптеуге арналған. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша жалпыұлттық идеяны жүзеге асыру мақсатында «Ақындар айтысы» ашық сабақтары басталып кетті.

Байқаудың мақсаты – айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы ретінде дәріптеу, баға жетпес мәдени мұрамызды шешендік өнер арқылы таныту, балаларды ұлттық рух пен отансүйгіштік, өз халқына, салт-дәстүріне деген құрмет білдіруге тәрбиелеу, дарынды шығармашыл жастарды анықтау» - делінген хабарламада.

Айта кету керек, «Ақындар айтысы» байқауы мұндай кең көлемде елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл ауқымды республикалық акция еліміздегі барлық білім беру ұйымдарын біріктіруге бағытталған және білім алушылардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, ақындар дәстүрін жалғастыруға ынталандырады.