24 жел, 2019 сағат 14:15

Мемлекет басшысы биыл еліміздегі өзекті мәселелерге қатысты 862 твит жариялады

Мемлекет басшысы биыл еліміздегі өзекті мәселелерге қатысты 862 твит жариялады. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен брифингте ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысы Twitter әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысының твиттерінде 137 мың оқырманы бар»,- деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, Президент твиттердегі парақшасы арқылы еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге немесе оқиғаларға қатысты пікірін білдіріп, тапсырма беріп отырады. Уақыт үнемдеу тұрғысынан мұндай жұмыс стилі – өте тиімді. Себебі берілген тапсырманың дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін табуы – басты мақсат.

«Жалпы, Президент қызметіне кіріскелі бері Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты 862 твит жариялады. Сәуір айынан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының Instagram желісінде миллионға жуық жазылушы тіркелген. Президент осы желідегі парақшасына 60 жазба жариялады», - деді ол.