15 қаң, 2026 сағат 15:41

Мемлекет басшысы халықаралық шаңғы федерациясы өкілімен кездесті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) президенті Йохан Элиашты қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында Қазақстан мен Халықаралық шаңғы спорты федерациясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысы елімізде 85 мыңнан астам адам шаңғы спортымен тұрақты түрде айналысатынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда тау шаңғысы мен шаңғы жарысына арналған кешендер, халықаралық стандарттарға сай мұз ареналары сияқты заманауи спорт инфрақұрылымы бар екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына жүйелі әрі тыңғылықты дайындалып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде FIS президенті Йохан Элиаш елімізде спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдау үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүргеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысында тараптар спортшыларды даярлау, бапкерлерді оқыту, төрешілерді дайындау және тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.