
Қазақстандық экономиканың болашақтағы құрылымынна жаңаша көзқараспен қарауға тура келеді.
Бұл туралы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірінші - қазақстандық экономиканың өз-өзіне жеткіліктілігін арттыру. Бұл үшін қолда бар шикізаттың базалық қуатының негізінде өнеркәсіпте жаңа қайта өңдеуді дамыту қажет. Бізге қазақстандық экономиканың болашақтағы құрылымынна жаңаша көзқараспен қарауға тура келеді. Оның әрбір басты «секторының рөлін айқындау қажет: Өнеркәсіптік, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, сервистік. Басқаша айтар болсақ, шұғыл арада экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президентінің атап өтуінше, энергетикалық сектор айтарлықтай реформаны талап етеді. Дағдарыстан кейін ол бұрынғыдай болмақ емес. Орташа мерзімді кезеңде «жасыл энергетика» бағытына қарай ілгерілеу - аса қажеттілік.
«Индустрияландыруға қатысты да біздің әдістерімізді қайта қарап шығу қажет болады. Экспорттық және ішкі нарықтың шынайы мүмкіндіктерін айқындап, қол жеткізілетін мақсаттар мен құралдарды белгілеп, ілгері жүру керек», - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларды сауатты пайдалануды экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің құралы ретінде қарастыру қажет. Бұл ретте отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алулардың айрықша тәртібі осы жылдың тамызына дейін қолданыста болады. Отандық материалдар мен құрал-жабдықтарды барынша пайдалану бизнесті дамытудың басымдықты шарты ретінде белгіленеді.
«Инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша қазіргі орналасу деңгейін 40-тан 60-70 пайызға дейін арттыру керек. Үкіметтің, әкімдердің, квазимемлекеттік компания басшыларының жұмысын бағалау негізінен осы көрсеткіштерге байланысты болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
