18 сәу, 2025 сағат 15:36

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нысанның қызметімен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Ең алдымен Президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді. Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген. 

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркінің жұмысымен танысты. Президентке технопарктің заманауи инфрақұрылыммен жасақталғаны жөнінде айтылды. Мұның бәрі стартаптар мен жобалар әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлерді, студенттерді, сондай-ақ оқушыларды қолдауға арналған.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесу барысында қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы жастарды келешектің кепілі саналатын сапалы білім алуға шақырды. 

Мемлекет басшысы BS Arena көпфункционалды спорт кешенінің қызметімен танысты. Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысанда халықаралық және республикалық спорт жарыстарын, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге болады. Мұнда волейбол, баскетбол алаңқайлары, футзал, жабық және ашық теннис корттары, бассейн, жекпе-жек түрлері мен фитнеске арналған залдар, сондай-ақ футбол алаңы бар. 

Фото: Ақорда