25 қыр, 2023 сағат 14:32

Мемлекеттік қолдау олигархтарға ғана көрсетілмейді – вице-министр

Фото: KazakhExport

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев орталық коммуникациялар қызметінде экспортқа өңделген өнім шығаратын кез келген компания мемлекеттік қолдау алуға құқылы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

"Экспорттаушы компаниялардың арасында жыл сайын мемлекеттік қолдау алатындар аз емес. Оған қоса, олар Forbes тізіміне кіретін олигархтарға тиесілі. Мәселен, Кентау трансформатор зауыты бар. Иесі Сайдолла Қожабаев 41-орында тұр. Ал "ҚазАзот" компаниясының можаритарлық акционері, олигарх Аблазимов Forbes-те 28-ші орында. Осы сияқты компаниялар неге мемлекеттік қолдау алады?", - деп сұрады тілшілер.

Төребаевтың айтуынша, ондай компанияларға "KazakhExport" АҚ аясында қолдау көрсетіледі. Соның аясында олигархтарға ғана қолдау жасалады деген жаңсақ пікір қалыптасқан.

"Негізі қолдау шаралары кезінде белгілі адамдарға немесе компаниялар тобына басымдық берілмейді. Экспортқа өңделген өнім шығаратын кез келген компания қолдауға ие бола алады. Жаңағы компаниялар ірі компаниялар тобына кіреді. Алайда бүгінде KazakhExport-тан қолдау алған экспорттаушы компаниялардың 71 проценттен астамы - шағын және орта бизнес. Соның ішінде шағын бизнеске 47 процент тиесілі болса, орта бизнес 14 процентін алып отыр. Сондықтан ол жерде адамдарға қарап қолдау жасамайды. Ал ірі бизнес 29 процентке ие", - деді Төребаев.

Осы орайда журналистер мемлекеттік қолдау алатын ірі компаниялардың тізімі мен қаржының сомасын көрсетуді сұрады. Вице-министр келісті. Бірақ ақпарат құпия болса, бере алмайтынын жеткізді.

"Құпия болмаса, ақпаратты беруге дайынбыз. Өйткені қолдау көрсетілгенде кейбір ақпараттар құпия болады. Заң бойынша солай. Ал ашық ақпаратты толығымен беруге уәде етеміз", - деп түйіндеді Төребаев.