02 нау, 2020 сағат 10:03

Министр ішкі сауда-саттықтың негізгі үш проблемасын атады

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанның ішкі сауда-саттығының негізгі үш проблемасын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мәселен, ішкі саудада бүгінгі күні үш түйінді проблема бар. Бұл саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін 3 тапшылық: біріншісі - заманауи сауда форматтарының аздығы, екіншісі - сауда алаңдарының жетіспеушілігі, үшіншісі - тиімді қойма орындарының шектеулігі. Осы проблемалар делдалдардың қыруар және күңгірт желісінің қалыптасуына алып келеді», - деді министр Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша бұл проблемалар тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді. 

«Осының салдарынан бүгін де біз азық-түлік бағасының негізсіз өсіп отырғанын және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығын жұмсайтынын байқаймыз», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін Үкімет сауданы дамытудың мемлекеттік бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын.