31 қаң, 2024 сағат 14:06

Министр жұмыртқа бағасы неліктен өзгергенін түсіндірді

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздегі дүкендерде жұмыртқа бағасы неліктен өскенін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Елімізде жұмыртқа бағасының өсуі байқалды. Яғни, маусымдық өсім болды», - деді Арман Шаққалиев.

Министр өзі басқарып отырған ведомство тауар бағасына мониторинг жүргізіп жатқанын айтты.

«Бұл саладағы өзгерістер үнемі маусымдық сипатта болады. Бұған үйренуіміз керек. Жазда жұмыртқа арзандаса, қыста қымбаттайды, бұған сабырмен қарау керек», - деді Шаққалиев.

Ведомство басшысы қазір елімізде 5 млрд 100 миллионға жуық жұмыртқа өндіретін 34 құс фабрикасы бар екенін айтты. Жылына Қазақстан халқы 5 миллиард жұмыртқа сатып алады.