31 қаң, 2024 сағат 17:13

Мобильді аударымдарды туыс-таныстар арқылы қабылдауға тыйым жоқ – министрлік

Фото: ҚР Қаржы министрлігі

Елімізде мобильді аударымдар бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Жеке тұлғалар арасында мобильді аударымдарды туыстары, әріптестеріне жіберу арқылы қабылдауға тыйым жоқ. Ал мобильді аударымға жатпайтын қызмет түрлер төлемі терминал арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жеке тұлғаның кәсіпкер екенін білдіреді», - деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, қазір ел аумағында мобильді аударымдарға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қатарында базарлар, сауда үйлері мен бизнес объектілері бар.

«Биыл жеке кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын өткізіп, ескертеміз. Келесі жылдан (2025 жыл) жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер туралы мәліметтерді жинаймыз. Сол арқылы кәсіпкердің заңды еңбек етіп жатқаны анықталады», - дейді спикер.