Фото: Sputnik / Владислав Воднев
Жаңа Салық кодексінің арқасында келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша шамамен 3 триллионнан астам түсімдер түседі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр. Орындайды да. Бұған ешқандай күмән жоқ. Жалпы экономикалық ахуал тұрақты. Бірақ сіз айтып өткен мәселелер жоқ емес. Ол өздеріңіз білетіндей, бір күнде пайда болған проблемалар емес. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып жатқан мәселелер. Үкімет қазіргі таңда оның бәрін шешу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Үкіметтің бастамасымен елімізде салық реформасы жүріп жатыр. Осы жуырда ғана жаңа Салық кодексі қабылданды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, конструктивті ортақ жұмыс үшін депутаттық корпусқа алғысымды білдіремін", - деген Үкімет басшысы жаңа Салық кодексінің арқасында келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша шамамен 3 триллионнан астам түсімдер түседі деп есептейтінін айтты.
Олжас Бектенов бұл қаржының барлығы тек даму мақсаттарына бағытталатынын жеткізді.
"Даму мақсаттары дегеніміз ол бірінші кезекте ірі инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, электр қуат көздерін, автомобиль және теміржол жолдарының желісін дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту сияқты маңызды міндеттерге жолданатын болады. Ал бұл салалар ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Сондықтан біз осы бағыттарда белсенді әрі тиімді жұмыс жасайтын болсақ, елімізде тұрақты экономикалық өсім болады. Оның нәтижесінде салықтық база кеңейеді. Және республикалық бюджетке түсімдер түседі. Соның арқасында мемлекет әрі қарай да өз міндеттерін орындайды", - деді ол.
Сондай-ақ ол келесі үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын Үкіметте дайындап жатқандарын жеткізді.
Үкімет басшысының сөзінше 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7%-дан 2,5%-ға дейін төмендетіп, 2027 жылы 1,8%-ға дейін, 2028 жылы 1,4 %-ға дейін бюджет тапшылығын төмендету жоспарланған.
"Мемлекет басшысы Ұлттық қордың қаржысын бюджет тапшылығын жабу үшін емес, тек қана республикалық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу керек деп бізге нақты тапсырма қойды. Біз осы тапсырмаларды мүлтіксіз орындаймыз", - деді Олжас Бектенов.
