12 там, 2016 сағат 23:59

Обама жазғы демалыста қандай кітаптар оқитынын айтып берді

"АҚШ Президенті Барак Обама жазғы демалысында өзіне жоспарлы түрде бес кітап оқуды міндеттеген. Олардың тізімі жұма күні, яғни тамыздың 12-жұлдызында Ақ үй сайтында жарияланды", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Тізімде бірінші болып үздік ғұмырнама үшін 2016 жылғы Пулитцер сыйлығын иеленген Уильям Финнеганның «Жабай өмір: серфердің өмірі» кітабы тұр. Екінші орында - американдық романшы Колсон Уайтхедтің «Жерасты теміржолы» кітабы. Үштікті Хелен Макдональдтың «Мен қаршығамын» кітабы түйіндеген.

Сондай-ақ тізімге Пол Хокинстің психологиялық триллер жанрындағы «Пойызда келе жатқан қыз» романы енген. CNN басылымның атап өтуінше, бұл кітап бойынша кино түсірілді, ол прокатқа осы жылы қазан айында шығады. Сондай-ақ, Обама оқитын шығармалар арасынан Нил Стивенсонның «Жеті Хауа ана» фантастикалық романына да орын табылған.

Ал, РБК агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Президенті өзінің екіапталық демалысын отбасымен Массачусетс штатының Мартас-Винъярд аралында өткізеді.