09 мау, 2017 сағат 07:44

ОҚО-да 31 мыңнан астам адам нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысты

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжілісте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының осы жылдың 5 айында іске асырылу жайы қаралды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С.Полатовтың мәлімдеуінше,  2017 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде облыста 66764 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 5677 адамның жұмысқа орналасуы жоспарланса, бес айда нақты 9561 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1863 адам жұмысқа орналасты.

Жұмыссыздықты жоюдың бірден бір жолы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының іске асырылуы екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары бағдарлама шеңберінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі 2017 жылға арналған кешенді жоспар бекітілгенін айтты.

Жоспарға сәйкес, бағдарламамен жалпы 64314 адам қамтылатыны жоспарланып, 5 айда нақты 31499 адам қатысқан.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2017 жылы «Кәсіптік оқытуға» 11437 адам оқытылмақ. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша  2017 жылдың 1 мамырына 467 адам кәсіпкерлік негізінде оқуға жолданса, оның  295 оқуды аяқтап тиісті сертификат берілді, игерілген қаржы 19,9 млн. теңге.