01 қаз, 2025 сағат 17:41

Оқу-ағарту министрлігіндегі ауыс-түйіс: депутат пікірі мен қоғам күдігі


Коллаж: ult.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Айта кетейік 29 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Оқу-ағарту министрі болып Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Ult.kz тілшісі экс-мәжілісменнің әріптесі, депутат және 2023 жылға дейін Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетовтен министрліктегі ауыс-түйіс туралы бірқатар сұраққа жауап алды.

Депутат су жаңа министрді лауазымына лайықты білікті маман деп бағалайды.

«Бұл саяси мемлекеттік қызметкерлердің әдеттегі ротациясы. Бұл қатты дүрбелең туғызады деп ойламаймын. Мембекет басшысы шешім шығарды. Министрдің өзін жүйені ішінен білетін өте білікті маман, талапшыл басшы деп білемін. Біз өз тарапымыздан оның бастамаларына заңдық қолдау көрсетеміз деп ойлаймын. Белгілі бір бастамалар болады деп есептеймін, себебі мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар берген және сол тапсырмалар аясында жұмыс істейміз», деп отыр депутат Аймағамбетов.


Министрлердің жиі ауысуы дұрыс па, бұрыс па?

Десе де қоғамда министрлердің жиі ауысуы саланың дамуына кері ықпал етеді деп есептейтіндер көп. Бұған дейінгі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қызметінде 2 жыл ғана отырды. Кей бір сарапшылар Бейсембаевтың жұмысын бағалап та үлгермегендерін айтады. Бірақ Асхат Аймағамбетов министрлердің жиі ауысуы үлкен проблема деп есептемейді.

«Біріншіден, бұл тиімділікке байланысты. Екіншіден, саяси қызметкерлер дер кезінде ауысып отырғаны жүйеге жақсы. Мысалы мектептің директоры болса делік... Біз мектептерге арнайы ротациялық тетікті енгізген болатынбыз. Не үшін ол ротация керек? Өйткені жаңа адам келгенде оның жаңа идеялары, жаңа ұсыныстары болады. Сондықтан бұл жүйені жақсартады. Сол себепті ауыс-түйіс деген қалыпты жағдай. Ауыс-түйістер болып тұрады. Бұған үлкен дүрбелең шығаратындай керемет мәселе ретінде өз басым қарамаймын», дейді мәжілісмен.


Ғани Бейсембаев қандай министр болды?

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз қызметінің аяқталуына байланысты әлеуметтік желіде жазба жариялап, педагогтердің еңбекақысы екі есе көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, екі жылда үш ұстазға «Еңбек Ері» атағы беріліп, «Келешек мектептері» жобасы қолға алынғаны туралы айтты. 

«Осы жылдар ішінде жаңа мектептер салумен қатар, мұғалім мәртебесі артып, балалардың қауіпсіздігі күшейіп, заманауи бағдарламалар әзірленіп, инклюзивті әрі тең білім беруге үлкен қадамдар жасалды. Сондай-ақ алғаш рет мектептегі бала тәрбиесіне аса мән беріп бірыңғай тәсілдері бекітілді. Бұл жетістіктер Президенттің тікелей пәрмені мен 600 мың педагогтің үздіксіз төккен мандай терінің жемісі, бірлесе атқарған ортақ жұмыстың жеңісі», деді экс-министр.


Сондай-ақ ол Президентке, мұғалімдерге, БАҚ өкілдеріне және бірқатар ведомстволарға алғыс айтты.

Ғани Бейсембаевпен де жұмыс істескен Асхат Аймағамбетов ол туралы да жылы пікір білдірді.

«Ғани мырзамен жұмыс істедім. Министрлікте істеген кезде өзім шақырып, қызметтес болдық. Оқулық орталығында да, Ыбырай Алтынсарин атындағы институтта да қол астымда жұмыс істеді. Өзімнің орынбасарым болды. Тек жақсы жағынан танимын, жаман баға бере алмаймын. Жалпы бағаны мұғалімдер мен Мемлекет басшысы береді. Өз тарапымнан сәттілік тілеймін», деді Асхат Аймағамбетов.


Сүлейменова жекеменшік мектептер дауын қалай шешпек?

Дегенмен білім саласында қордаланған мәселелер жеткілікті екенін көпшілік біліп отыр. Жаңа тағайындалған министрге біліктілігін көрсетуіне мүмкіндік қазірдің өзінде туып жатыр. Себебі күні кеше еліміздегі бірнеше ондаған жекеменшік мектеп иелері министрлік ғимаратының алдына келіп шағымданды. Олар министрге бизнестеріне қауіп төніп тұрғанын айтпақ болды. Сөздерінше «Қаржы орталығы» АҚ жекеменшік мектептерге әрбір оқушы үшін 20 жыл бойы қаржыландыруға міндеттелген, бірақ қазір «Қаржы орталығы» ақша бөлмей отыр. Салдарынан қаражаттың тапшылығынан мектептер жабылудың аз-ақ алдында тұр. Өңірлік жекеменшік мектеп басшыларының назын тыңдауға Оқу-ағарту министрінің өзі шықпады, орынбасарын жіберген.

Бұл мәселе қалай шешілетіндігі әлі белгісіз. Депутат Асхат Аймағамбетов министрлік шешеді деп сенеді.

Аймағамбетовтың пікірінше бұл мәселеде басты проблема қаржыландыру механизмі және қаражат тапшылығы.

«Менің ойымша қаржыландыру механизмін қайта қарау керек және қосымша қаражат қарастырылуы тиіс. Осы екі мәселе жекеменшік мектептердің басты проблемасы деп ойлаймын. Кей мектептер дағдарысқа байланысты банкрот болған. Сондай-ақ Оңтүстік өңірде тек мемлекеттің қаржыландыруына жұмыс істейтін мектептер бар. Олар бюджеттен қаражат алады да, ата-аналардан ешқандай ақша алмайды. Соларға қазір қатты қиын. Себебі оларға жалақы төлеу керек, инфроқұрылымды ұстап тұруы керек, салық пен коммуналды төлемдерді төлеулері қажет. 2025 жыл бойы бізде қаржыландыруда қайта- қайта үзіліс болды. Мен министрлік шешеді деп ойлаймын», деді депутат.


Жұлдыз Сүлейменова кім?

Жұлдыз Досбергенқызы ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «AMANAT» партиясы атынан сайланған депутат болды.

Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова 1983 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бакалавр, магистратурасын бітіріп, PhD докторлығын қорғаған.

Еңбек жолын аталған университеттің студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрайымы ретінде бастаған.

2021 жылы Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты

болып сайланғанға дейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі филиалының директоры қызметін атқарды.

Депутат ретінде ол 105 депутаттық сауал жолдап, білім беру саласы, әлеуметтік мәселелер, мәдениет және басқа да өзекті мәселелер көтерді.


Балжан Жеңісқызы