15 шіл, 2025 сағат 16:14

Олжас Бектенов: «Бірнеше жыл осындай қарқынмен өсетін болсақ, экономикамыздың көлемі өседі»


Фото: primeminister.kz

15 шілдеде Үкіметте 2025 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Онда осы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,2% - ға жеткені айтылды. Алғашқы бес аймен салыстырғанда экономиканың өсуі 0,2% - ға ұлғайып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары және соңғы 12 жылдағы ЖІӨ өсуінің ең жоғары көрсеткіші болып шықты. Осы орайда Ult.kz тілшісі ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов бұл көрсеткіш халықтың әл-ауқатына нақты қалай әсер етіп жатқанын сұрады.

«Жалпы ішкі өнімнің көлемі өсіп жатыр.  6,2 пайыз болды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақты адамға оң әрсері болуы үшін біз осындай тұрақты, қарқынды өсімді бірнеше жылдар бойы қамтамасыз етіп отыруымыз керек, сонда әрбір қазақстанадық оның пайдасын көреді. Өйткені жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары болады. Оны мен бірнеше рет айтып өттім. Сонда халықтың әл ауқаты өсетін болады. Біз осы мақсатқа қол жеткізу үшін барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз», ‒ деді Олжас Бектенов.  


Тілшіміздің келесі сұрағы кедейлік деңгейі нақты қандай көрсеткішпен бағаланатыны туралы болды. Себебі есте болса, Қазақстанда  кейінгі 10 жылда кедейлік деңгейі 2,7 пайыздан 5,1 пайызға өсті деген ақпаратты депутат Асхат Рахымжанов  айтқан еді, алайда  Олжас Бектенов елде кедей адамдардың саны жылдан жылға керісінше азайғанын айтты.

«Мен сізбен келіспеймін. Кедейлік деңгейі Қазақстанда жылдан жылға төмендеп бара жатыр. Ол статистикалық деректер тек Қазақстанда шығарылған деректер емес, жалпы халықаралық ұйымдар беретін деректерге сүйенсек, ол жағдай сондай болып тұр. Әрине бірінші сұрағыңызға жауап берген кезде мен айттым, біз бірнеше жыл осындай қарқынмен, яғни 5-6 пайызбен өсетін болсақ, экономикамыздың көлемі өседі, жалақылардың деңгейі көтеріледі, кедейліктің деңгейі түседі. Олар бір біріне байланысты мәселелер. Сондықтан нақты сектор Роман Васильевич (Скляр, ред.) жауап беретін, Ермек Беделбайұлы (Көшербаев, ред.) әлеуметтік саясатқа жауап беретін тұлғалар бар, біз бәріміз бармыз. Үкіметтің ішінде үйлесімді жұмыс өткізілуі тиіс. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Экономиканың дамуы нақты секторын дамыту әрине әлеуметтік саланың дамуы мен байланысты», ‒ деді Премьер-министр.


Айт кетейік, Әлеуметтік кодекске сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен айқындалады.